[:kz]
Денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласында ерен еңбек етіп жүрген ғалымдарға мхалықаралық сыйлығы табысталды.
Биыл 16 ақпанда елімізде Төрегелді Шарманов халықаралық қоры құрылды. Оның қызметі денсаулық сақтаудың жалпыға бірдей құқығы идеясын дамытуға бағытталған. Қордың қызметі аясында 19 қазанда Шарманов халықаралық сыйлығын салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Лауреаттар қатарында жаһандық ауқымда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына ықпал еткен ғалымдар, Джон Хопкинс университетінен доктор Дэвид Бишай мен Майка Шлайфф бар. Алайда шетелдік ғалымдар онлайн қатысты. Сондай-ақ COVID-19-ды емдеудің қазақстандық клиникалық хаттамасын әзірлеушілер Бақыт Көшерова мен Амангүл Дүйсенова да лауреаттар тізіміне енген. Лауреаттарға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық, медаль мен диплом табысталды.
Лауреаттар тізімі 17 қыркүйекте Төрегелді Шарманов халықаралық қоры Қамқоршылар кеңесінің бірінші отырысында жариялаған еді. Қамқоршылар кеңесінің құрамына Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Мұрат Әуезов, Қуаныш Сұлтанов, Юрий Пя және Серік Ақшолақов сияқты белгілі қоғам қайраткерлері кірді.
Салтанатты іс-шараға Шарманов халықаралық қорының қамқоршылар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты.
Төрегелді Шарманов халықаралық қорының миссиясы – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобаларын қолдау. Сонымен қатар тамақтану мәселелерімен айналысатын әлемдік академиялық орталықтарда мамандарды даярлауға гранттар бөлу жосапарда бар. Қордың басым бағыттарының бірі – ғалымдарға халықаралық сыйлық тағайындау арқылы олардың денсаулық сақтаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өту.
А.ЖАНАСЫЛ
Дереккөз: https://aikyn.kz/166744/sharmanov-atyndagy-syylyk-tabystaldy/
[:]