[:kz]Шарманов халықаралық сыйлығының 2023 жылғы лауреаттары атанған: жаһандық ауқымда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына ықпал еткен ғалымдар, Оксфорд университетінің профессоры Патрисия Мэри Гринхал және Алматы облысы Еңбекшіқазақ Көпсалалы орталық аудандық ауруханасының директоры, доктор Жамиля Абеуова. Лауреаттарға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық, сондай-ақ медаль мен диплом берілетін болады.
Лауреаттар Төрегелді Шарманов халықаралық қоры Қамқоршылар кеңесінің отырысында жарияланды. Қамқоршылар кеңесінің құрамына Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Мұрат Әуезов, Қуаныш Сұлтанов, Юрий Пя және Серік Ақшолақов сияқты белгілі қоғам қайраткерлері кіреді.
Профессор ПАТРИСИЯ МЭРИ ГРИНХАЛ – алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында халықаралық деңгейде танылған ғалым, Оксфорд университетінің профессоры. Ол әлеуметтік және саяси ғылымдар, сондай-ақ медицина саласында білім алған.
Профессор Гринхал Оксфордтағы Трансляциялық медицина саласындағы магистратура мен докторантура бағдарламаларын басқарады, ондағы міндет ғылыми зерттеулерді денсаулық сақтау саласында практикалық қолдануға беру. Ол сонымен қатар өз еңбектерінде медицина мен әлеуметтік ғылымдарды біріктіретін пәнаралық медициналық зерттеулер тобының тең басқарушы директоры. Оның зерттеулері бастапқы және қайталама медициналық көмек деңгейіндегі клиникалық қызметтерді бағалау мен жақсартуды, атап айтқанда «қолжетімдігі қиын» топтардағы ауру тәжірибесін көрсету үшін баяндау әдістерін қолдануды; дәлелді тәжірибені енгізу проблемалары; дәрігерлердің, пациенттердің де жаңа технологияларды енгізуі және қолдануын; философияны клиникалық тәжірибеде қолдануды қамтиды. Ол бұл пәнаралық тәсілді COVID-19 пандемиясына қарсы зерттеулерге қолданды.
Патрисия Мэри Гринхал 400-ден астам рецензияланған басылымдар мен 16 оқулықтың авторы. Оның «Дәлелді медицина негіздері» кітабы бүкіл әлем бойынша дәрігерлер мен студенттер арасында танымал болды. 2001 жылы дәлелді медицинаның дамуына қосқан үлесі үшін профессор Гринхал Британ Империясының Орденімен марапатталды.
Доктор ЖАМИЛЯ АБЕУОВА – Алматы облысы Еңбекшіқазақ Көпсалалы орталық аудандық ауруханасының директоры, дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау саласындағы саясат және басқару мамандануымен қоғамдық денсаулық сақтау магистрі.
Жамиля Санаққызы еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 2022 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық орталығымен бірлесіп және Жамиля Санаққызының жеке басшылығымен Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасының базасында әлемде алғаш рет Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша принциптер, әдістеме әзірленіп, Демонстрациялық платформа іске қосылды. Бұл оң прецедент еліміздің халықаралық беделін арттырып, Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша Алматы декларациясының туған жері саналатын Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін реформалаудағы табандылығын, тұрақтылығын және тиімділігін айқын көрсетті.
Жамиля Санаққызының бастамасымен Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасына кірді. Жобаның мақсаты ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру. Бұл ұйымға заманауи, тиімділігі жоғары жабдықтармен және күрделі жөндеу жүргізу мүмкіндігімен (МРТ, ангиограф, сараптамалық сыныптағы УДЗ аппараты, реанимация бөлімшелеріне, операциялық бөлмеге арналған жабдық) толық жарақтандыруға мүмкіндік берді. Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасы денсаулық сақтау саласындағы маңызды заманауи технологиялар мен жобаларды енгізу және жүзеге асыру алаңына айналды.
Шарманов халықаралық сыйлығын салтанатты табыстау рәсімі 19 қазан күні сағат 11.00-де Қазақ тағамтану академиясында өтеді.
Төрегелді Шарманов халықаралық қорының миссиясы – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобаларын қолдау. Сонымен қатар, тамақтану мәселелерімен айналысатын әлемдік академиялық орталықтарда мамандарды даярлауға гранттар бөлу жосапарда бар.
Қордың басым бағыттарының бірі – ғалымдарға халықаралық сыйлық тағайындау арқылы олардың денсаулық сақтаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өту[:]