Төрегелді Шарманұлы Шарманов – өмірбаяны
2025-10-01 • KZ

Шарманов Төрегелді Шарманұлы
1930 - 2024
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.
2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен әлеуметтік-гуманитарлық саладағы айрықша жетістіктері мен денсаулық сақтау ісінің дамуына қосқан зор үлесі үшін академик Төрегелді Шарманов «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар, дүниежүзілік денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Леон Бернар атындағы сыйлығының лауреаты атанды.
Төрегелді Шарманұлы 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысының Ұлытау ауылында дүниеге келген. 1949 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін ол Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түседі. Кейінірек жаңадан құрылған Қарағанды мемлекеттік медицина институтына ауысып, оны үздік бітірген тұңғыш түлек атанады. 1955–1958 жылдары аталған институттың фармакология кафедрасында күндізгі аспирантурада білім алған.
1958–1962 жылдары Қарағанды облысының Ұлытау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарып, сол жерде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің бірегей жүйесін енгізді.
1961 жылы «Синтомицин мен левомицетиннің қанға әсерін эксперименттік зерттеу жөніндегі материалдар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. 1962 жылы ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтына тамақтану бөлімінің меңгерушісі болып шақырылды. 1968 жылы «Қазақстандағы С гиповитаминозы және оның бруцеллез кезіндегі ағзаның иммундық-биологиялық реактивтілігіне әсері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.
1968 жылы Т.Ш. Шарманов Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының ректоры болып тағайындалып, сол кезде фармакология кафедрасын басқарды. Бұл қызметтерді 1971 жылға дейін атқарды.
1971–1982 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды. Ұлытау ауылдық ауруханасының бас дәрігері ретіндегі тәжірибесіне сүйене отырып, Төрегелді Шарманов бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің негізі алғашқы медициналық-санитариялық көмекте екенін түсінді. Осы бағытты дамытуға кірісіп, ауылдарда жүздеген фельдшерлік-акушерлік пункттер ашты, сондай-ақ қалалық емханалар мен ауруханалардың кадрлық және техникалық әлеуетін арттырды.
Сол жылдары ол инфекциялық және созылмалы жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталған профилактикалық медицинаның негізін қалады. Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы, кәсіптік аурулар және коммуналдық гигиена саласында білікті мамандар даярланды. Бұл кезеңде елдің денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды.
Осы жетістіктерге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) назар аударып, Алматыда алғашқы медициналық-санитариялық көмекке арналған халықаралық конференция өткізуді шешті. Әлем Қазақстан туралы алғаш рет осылай таныды. 45 жыл өтсе де, Алматы декларациясының идеялары мен философиясы сияқты әлемдік қоғамдастық санасын дүр сілкіндірген басқа ешбір қазақстандық бастама болған жоқ. Бұл декларация Бразилия Конституциясының бір бөлігіне айналып, көптеген елдер оны өздерінің мемлекеттік денсаулық сақтау саясатының негізі етіп алды. Алматы конференциясынан ширек ғасыр өткен соң, 2005 жылы Т.Ш. Шармановқа дүниежүзілік денсаулық сақтауға қосқан зор үлесі үшін ДДСҰ-ның ең жоғары Леон Бернар атындағы сыйлығы берілді.
1982 жылы денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткеннен кейін Т.Ш. Шарманов өмірін тағамтану ғылымына арнады. Өмірінің соңына дейін Қазақ тағамтану академиясының тұрақты басшысы болды. Бұл академия бүгінгі күнге дейін гигиена, биохимия, иммунология, тағамтану физиологиясы, диеталық профилактика және диеталық терапия мәселелерін қамтитын озық ғылыми зерттеулердің орталығы болып саналады. Т.Ш. Шарманов Қазақстанда нутрициологтардың ғылыми мектебінің негізін қалап, зат алмасудағы нутриент аралық өзара әрекеттесу, тағамтану фармакологиясы мен иммунологиясы, ұлттық тағамдарды пайдалана отырып диеталық терапия сияқты жаңа және іргелі ғылыми бағыттарды дамытты.
Қазақстан тәуелсіздігінің қиын кезеңінде, 1990-шы жылдары, Төрегелді Шарманұлы халықаралық ұйымдардың елеулі ресурстарын тарту арқылы әйелдер мен балалардың тамақтануындағы темір, йод және басқа да микронутриенттер тапшылығымен күресуге бағыттады. Ол темір тапшылықты анемия, А дәрумені мен фолий қышқылы тапшылығы, йод тапшылығы сияқты маңызды микронутриенттік тапшылықтарды жою, сәбилерді емшек сүтімен тамақтандыруды қолдау, халықтың әртүрлі топтарына арналған негізгі тағамдық заттар мен энергия нормаларын әзірлеу, түрлі аурулардағы мақсатты иммунокоррекцияның жаңа әдістерін жасау, бағытталған медициналық-биологиялық қасиеттері бар бірқатар жаңа мамандандырылған тағам өнімдерін әзірлеу жөніндегі халықаралық ғылыми-техникалық жобалардың жетекшісі болды. Бұл жобалар беделді халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ ҚР және Орталық Азия елдерінің түрлі министрліктері мен ведомстволарының қатысуымен жүзеге асырылды.
Оның басшылығымен тәулігіне 15 тонна дайын өнім шығаратын бірегей «Амиран» балалар тағамдарын өндіретін зауыт салынды. Денсаулық сақтау тәжірибесіне балаларға арналған жаңа тағам өнімдері, сондай-ақ бірқатар емдік-профилактикалық тағамдар енгізілді.
Төрегелді Шармановтың бастамасымен және оның күш-жігерінің арқасында Қазақ тағамтану академиясы 1979 жылы ДДСҰ-мен ынтымақтасатын Халықаралық тамақтану орталығы, 1996 жылдан бастап БҰҰ Университетінің тамақтану жөніндегі ынтымақтастық орталығы, 1998 жылдан бастап ЮНИСЕФ-тің базалық мекемесі, 1999 жылдан бастап Дүниежүзілік тамақтану ғылыми кеңесінің қауымдастырылған мүшесі мәртебесін алды.
Төргелді Шарманов ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының мүшесі, Профилактикалық медицина академиясының президенті, биохимиктер, гастроэнтерологтар мен нутрициологтар, аллергологтар мен иммунологтар, гигиенистер, терапевтердің республикалық ғылыми қоғамдарының мүшесі болды. Оның жетекшілігімен 40 докторлық және 135 кандидаттық диссертация қорғалды. Төрегелді Шарманұлы 460-қа жуық ғылыми жарияланымның, соның ішінде 38 монография мен 40 өнертабыстың авторы. Ол Қазақстан Республикасы Парламентіне үш рет сайланған.
Төрегелді Шарманов «Қазан төңкерісі» (1976), «Халықтар достығы» (1980), «Парасат» (1996) ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. 2001 жылы авторлар ұжымының «Республикадағы тамақтану ғылымының іргелі және қолданбалы аспектілерін әзірлеу» атты жұмыстар циклі үшін Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2001 жылдан бастап ҚР еңбек сіңірген қайраткері. 2006 жылы академик Төрегелді Шарманов ҚР балалардың жағдайын жақсартуға және олардың құқықтарын қорғауға қосқан ерекше үлесі үшін БҰҰ-ның балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің естелік белгісімен марапатталды.
2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев әлеуметтік-гуманитарлық саладағы ерен еңбегі мен елдің денсаулық сақтау ісінің дамуына қосқан зор үлесі үшін академик Төрегелді Шармановқа «Еңбек Ері» атағын беріп, елдің ең жоғары марапаты – «Отан» орденін табыс етті.